MENUMENU
MENUMENU

Латын қарпі – болашақтың бағдары

Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
№5 «А» мектеп–гимназиясының ММ
қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Хасенова Мадина Маратовна

Латын әліпбиіне көшу — ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадамның бірі. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жүзеге асыра отырып, дәріптеу бізге тиесілі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіреміз деп мәлімдеді. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім» дей отыра ҚР президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңарту» мақаласын жариялаған болатын.  Аталмыш мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы айтылады.

Латын – бұл ғылым мен техниканың тілі. Латын білім, ғылым және өндірісті ұштастырған тіл. Латын қарпіне көшу — заман талабы. Кез-келген инновациялық технология, компьютер, смартфон мен гаджеттердің бастапқы программалары латын қарпімен жазылады. Физика, химия, математика, биология, экономика салаларында қолданылатын формулалар латын қарпінде. Әлем бойынша көп таралған жазба – латын жазбасы, оны жер шары тұрғындарының 40%-ы қолданады.

Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.

Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар е әрпі созылыңқы және қысқа айтылуына байланысты мысалы: Liber — тәуелсіз, Liber – кітап сөздердің мағыналары өзгереді.

Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі.

Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді.

Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден—араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші—латын әліпбиі (1929-1940 жж.), үшіншісі—кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).

Латынға Түркия 1928 жылы көшсе, Өзбекстан, Әзірбайжан КСРО ыдырағаннан кейін ауысты. Cол елдердің тәжірибесіне қарасақ, мысалы, Өзбекстан 1928 жылға дейін өзбек тілі араб әліпбиін қолданған. 1928-40 жылдар аралағында жазулары латын әліпбиі негізінде болған. 1940-1992 жж. кириллица қолданылып. 1993 жылы өзбек тілі қайта латын тіліне көшіп, қазіргі кезге дейін қолданып келеді. Өзбек латын тілінің ерекшелігі — арнайы символдар мен диакритикалық белгілердің жоқтығы (тек апострофтар бар). Классикалық латын кириллицамен салыстырғанда 7 әріпке кем, сондықтан арнайы белгілер мен символдардың жоқ болу есебінен кейбір әріптерді екі еселеуге тура келеді. Нәтижесінде апострофпен қосқанда 29 әріптен тұратын өзбек латын әліпбиі құрылған. Сол сияқты Әзірбайжанда 1925 жылдарға дейін ресми әліпби рөлін араб тілі атқарды. 1926-39 жылдары латын әліпбиін қолданса, 1940-2001 жылдары кириллица, одан кейін 2001 жылы қайта латын әліпбиіне көшті. Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.

Латын әліпбиіне көшу-қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне , болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздің дыбыстық жүйелерін нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан  біз үшін , болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, сол ғалымдарымыздың жан-жақты еңбегі сараланып, түрлі әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін түрлі ақпарат көздерінен оқып-біліп танысып жатырмыз.

Сол ғалымдарымыздың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау білдіру, жақсыны үйренбекке ұмтылу – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті деп түсінемін!